Алматының барлық көшелерін 9 рота сарбаздары күзетеді


Cап түзеп, әнұранды әуелете шырқап тұрған мына сарбаздар бір жарым ай тәлім алды. Шаһардың шырқын бұзатындарды анықтау, күдіктіні ұстау, құжатын тексеру, хаттама толтыру сынды өзге де әдіс-амалдарды үйренді. Әскери тәртіпті бойларына сіңірген сарбаздар жауынгерлік жұмысқа бүгіннен бастап кіріседі. Міндеттері - жуырда жаңадан ашылып, жұмысқа кіріскен жергілікті полицияға көмек көрсету,-деп хабарлайды Алматы телеарнасы.

«Олар кішігірім бұзақылықпен бірге өзге де заң бұзушылықтарды қадағалайды. Қала тұрғындарының тыныштығын қаматамасыз етеді. Әрі, бұл сарбаздар үшін үлкен тәжірибе. Өйткені олар борышын өтеген кейін ішкі істер саласында қызмет ете алады»,- деді Алматы қаласы ІІД жергілікті полиция қызметінің басшысы Жасұлан Байкенов.

Әрбір сарбаз әскери өмірден естелік ретінде фото альбом жасайды.Әскери борышын өтеудің алғашқы белгісі ретінде сап түзеген жауынгерлерге суреттері үлестірілді. 9 ротаға бөлінген жас қырандар Алматының 8 ауданына қарасты Ішкі істер бөлімдерінің бұйрығына бағынады.

«Міне, осы күннен бастап Алматының қоғамдық қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, елге, Отанға деген сүйіспеншілігімізді көрсетуге дайынбыз. Біз, қазақтың жастары батыр баба Б.Момышұлы айтқандай, темірдей тәртіпті жанымызға ту етіп, ел үшін қызмет етіп, тыныштығын қамтамасыз етуге сеніммен айта аламын»,- деді №5571 әскери бөлімнің сарбазы Думан Меңдешов.

Алматының аудандарына бөлінген 9 рота, яғни 500-ге жуық сарбаз осыдан бір жарым ай бұрын еліміздің әр өңірінен әскер қатарына шақырылған еді. Енді олар алдағы бір жылға жуық әскери борыштарын осы Алматының көшелерін күзетіп, қоғамдық тәртіпті қадағалаумен өткізбек. Мәселен, былтыр сарбаздар қалада орын алған төрт мыңға жуық құқық бұзушылықты анықтаса, олардың ішінде 330 қылмыскерді ұстап берген. Соның бірі бүкіл елді шулатқан Қапшағай қаласында жоғалып кеткен Айзада Аватарованы ұрлаған қылмыскерді де осы 5571 әскери бөлімінің сарбаздары тапқан еді.

Әмірболат Құсайын, Рашиддин Якупов

Фотосурет: akorda.kz

Постоянный адрес статьи:
http://meta.kz/novosti/kazakhstan/1035534-almatyny1187-barly1179-k1257shelern-9-rota-sarbazdary-k1199zeted.html


Популярное